ҚОСТАНАЙ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ СТАНЦИЯЛАРЫН «АСТАНА МОТОРС» ҰСЫНҒАН ЖАҢА HYUNDAI H350 AMBULANCE КӨЛІКТЕРІМЕН ҚАЙТА ЖАБДЫҚТАЙДЫ.

Hyundai Trans Auto («Астана Моторс» компаниясының еншілес кәсіпорны) отандық зауытының Hyundai H350 Ambulance үлгісіндегі 26 реанимобилі Қостанай облысының санитарлық паркін толықтырды.

Бүгінгі таңда, Қостанай облысы әкімдігінің деректері бойынша, аймақтағы халық саны 872 мың адамды құрайды. Қостанай қаласында 320 мың адам тұрады. Жалпы алғанда, облыстық жедел жәрдем станциясында 23қосалқы станция, соның ішінде 6 қалалық (Қостанай, Рудный, Арқалық, Лисаковск, Жітіқара, Тобыл қалалары) және 17 ауылдық қосалқы станция (Алтынсарин, Амангелді, Әулиекөл, Денисов, Жангелдин, Қамысты, Қарабалық, Қарасу, Қашар, Құсмұрын, Меңдіқара, Наурызым, Октябрь, Сарыкөл, Ұзынкөл, Таранов, Федоров) бар. COVID-19 пандемиясына байланысты елдің барлық аймақтарында санитарлық көлікті жаңарту және парктерді толықтыру мәселесі алдыңғы орынға шықты. Осыған орай «Астана Моторс» жедел медициналық жәрдем станцияларына автокөліктерді жылдам беру үшін Hyundai H350 Ambulance реанимобильдерін өндіру қарқынын ұлғайтты. Hyundai H350 Ambulance үлгісіндегі 26 реанимобиль Қостанай облысының барлық аудандары мен моноқалаларына таратылатын болады.

«Hyundai H350 Ambulance реанимобильдеріндегі жабдық біздің COVID-19 пандемиясынан алған сабақтарымызға негізделген, атап айтқанда, оттек мөлшері ұлғайтылды (24 литр), бұл пациентті өкпені үздіксіз желдету режимінде облыстың кез келген жерінен облыс орталығына тасымалдауға мүмкіндік береді. Жиынтықтау барысында тыныс алу жолдарының аурулары кезіндегі науқастардың ауыр жағдайларына ерекше көңіл бөлінді. Бұдан басқа, мұнда беріктік қоры жоғары дефибриллятордың жақсартылған түрі ұсынылды. Облысымыздың климаттық жағдайлары да ескерілді, аппаратура -30 градустан +30 градусқа дейінгі жылу диапазонында жұмыс істейді»,  дейді Қостанай облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының бас дәрігері Ирина Штейгервальд.

Hyundai H350 Ambulancе – Германия мен Италияда жасалған озық медициналық жабдықпен жасақталған санитарлық көліктің жоғары технологиялық түрі. Автокөлік қызмет көрсетудің қарапайымдығымен ерекшеленеді, әрі жедел медициналық жәрдем қызметтеріне жоғары жүктеме түсетіндігін ескергенде, қарқынды пайдалануға дайын. Өндіруші зауыт Hyundai H350 Ambulance автокөлігіне үш жылға немесе 150 мың км қашықтыққа кепілдікті, сондай-ақ «Астана Моторс» өкілетті дилерлік орталықтарында кепілдіктен кейін қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді. Медициналық жабдыққа кепілдікті қызмет көрсету – пайдалануға енгізілген мезеттен бастап 37 ай.

Автокөлік Кеден одағының техникалық регламентіне, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің жолаушыларды тасымалдайтын көлік құралдарына қоятын талаптарына және Еуро-5 экологиялық стандарттарына сай келеді.

Естеріңізге сала кетейік, 22 қыркүйекте «Астана Моторс» компаниясы Елде санитарлық көлікті жаңарту жол картасы аясында «ҚДБ-Лизинг» АҚ арқылы Қазақстан бойынша реанимобильдердің жеткізілімін мерзімінен бұрын бастады. Жалпы алғанда, «Астана Моторс» компаниясының еншілес кәсіпорны – Hyundai Trans Auto елдің 14 аймағына озық неміс және италиялық медициналық жабдықтар – дефибрилляторлармен, жасанды тыныс алдыру аппараттарымен (ЖТА), электрокардиографтармен (ЭКГ) және т. б. жабдықталған 341 бірлік Hyundai H350 Ambulance реанимобилін жеткізеді.

Бүгінгі таңда лизинг шарты аясында «Астана Моторс» H350 Ambulance реанимобильдерінің 341 бірлігінен  Нұр-Сұлтан қаласына – 14, Петропавл қаласына – 18, Қостанай облысына 26 жедел жәрдем көлігін табыстады. Тағы 283 реанимобиль жақын арада елдің басқа аймақтарына жөнелтіледі.